К 60-летию освоения целинных и залежных земель
"Жер – адамның бесігі
Ел – бақыттың есігі"
(Халық даналығы)
Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасырдың 40-50 жылдары Кеңес елдерінің тарихында, оның ішінде, Қазақстанда да бетбұрысты кезең болды. Соғыс аяқталғаннан кейін Қазақстанның алдында халық шаруашылығын дамыту мәселесі тұрды. КСРО ауыл шаруашылығы азық-түліктегі, өнеркәсіптегі, шикізаттағы халық сұранысын қанағаттандыра алмады. Азық-түлікке деген сұраныс жыл өткен сайын арта берді. Әсіресе, азық-түлік дақылы – бидай өте тапшы болды. 1953 жылы астық өнімінің күрт төмендеп кетуіне байланысты елге аштық қаупі төнген. Кеңес үкіметі дағдарыстан шығудың жолы тың игеру деп тұжырымдады. Сонымен Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің 1954 жылғы ақпан-наурыз пленумында Қазақстанда, Сібірде, Оралда, Солтүстік Кавказ және Қиыр Шығыстың кейбір аудандарында жаңа тың және тыңайған жерлердің есебінен астықты дақылдар егістігінің көлемін кеңейту көзделді. Ұлан-байтақ жерді жыртуға бағытталған ерекше жол таңдалынып, «Бәрі тың жерлерді игеру үшін!» деген ұран пайда болды.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан «Қазақстанның батыс қақпасы» болып табылатын Ақжайық өңірі де тың даланы игеруден сырт қалмағанын білеміз.
Алып қозғалыс, аптыға ұмтылыс болған тың игеру енді бүгін 60 жыл өткен соң да әр қырынан бағалануы заңды. Бірақ, тың игеру жылдары Орал топырағына жер басып, «қара жұмыс» атқарған және оны абыройлы атқарған адамдардың орны бөлек. Солардың ішінде, алғашқы тың игерушілердің бірі, Ленин атындағы сыйлықтың, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері Валентина Васильевна Пономарева 1928 жылы Ресейдің Тамбов облысында дүниеге келген. 1946 жылы 10 кластық мектепті бітіргеннен кейін Сталинград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны 1950 жылы тәмамдайды. Оқуды аяқтағаннан кейін В.В.Пономарева Орал облысына жолдамамен келеді. Еңбек жолын Бөрлі ауданындағы Бөрлі ет кеңшарында кіші агроном болып бастайды. Артынан Пугачев кеңшарында агроном-экономист мамандықтарын атқарады. 1957 жылдан бастап Бөрлі кеңшарындағы Пугачев бөлімшесінде агроном болады. 1980 жылдан зейнет жасына шыққанға дейін Пугачев кеңшарында агрономнан бөлімше меңгерушісіне дейін көтерілді.
1956 жылы тың диқандары сол кезге дейін бұрын-соңды болып көрмеген астық жинайды. Жас тың игерушілердің омырауына алғашқы Үкімет наградалары тағылады. Солардың ішінде «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталған В.В.Пономарева да бар еді.
Адал еңбегінің арқасында елдің құрметіне бөленді. Қандай жұмыста да көпке үлгі-өнеге бола білген В.В.Пономарева 1971 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін егіншілік кәсіпке бет алған жастарға үйретті. 1985 жылы зейнетке шыққаннан соң да, сол ауылдан кетпей, үй шаруашылығымен айналысты.
Ежелден топырағы құнарлы, жері шұрайлы Ақжайық өңірінің кең алқапты даласын егістікке айналдырған тың игерушілердің үлестері болды. Сол жетістіктерге В.В.Пономареваның үлесі салмақты екенін оған берілген көптеген орден, медальдар айғақтайды. Соның бірі, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай өткізілген жарыстардан алған алғыс хаттары мен 1970 жылы ерен еңбегі үшін берілген В.И.Лениннің 100-жылдық медалімен марапатталуы.
Бүгінде тың игергеннен Қазақстан зиян шекпесе, ешқандай пайда таппады деген сияқты пікірлер жиі айтылуда. Жасыратыны жоқ, тыңның күнгейі де, көлеңкелі жақтары да көп болды. Қазір оның аңызы мен ақиқаты айтылып та жүр. Тың туралы бертінге дейін марапаттау ыңғайында ғана айтылып келді. Оның түрлі әлеуметтік, экологиялық зардаптарға соқтырғанын, асыра сілтеулері туралы кейін ғана тілге тиек етіле бастады.
Бірақ қалай десек те, тыңның астық молшылығын жасау үшін игерілгені және кейбір келеңсіз салдарларға қарамастан, белгілі бір дәрежеде оған қол жеткізілгені ақиқат. Бүгінде Қазақстанда өндірілген бидай өзімізге толығымен жетіп, артылғанын өзгелерге сатып жатқаны соның нәтижесі. Ең бастысы, жақсы болсын, жаман болсын, тың игеру кезеңі – еліміз тарихының бір бөлшегі. Ол сол тұстағы аға ұрпақтың маңдай тері мен еңбегі.
Тың игеру – бұл ХХ ғасырдың аса зор әлеуметтік-экономикалық жобасы, оған ұқсас жоба әлем тарихында болған емес. Тыңды игеру – аға буынның, көптеген халықтар өкілдерінің үлкен ерлігі.
Біздің еліміздің тыңын игеруге, ауыл шаруашылығын көтеруге қатысқан күллі кәсіп иелерінің, барлық жастағы және әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған адамдардың еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан, олар туралы жазу тың игерушілер буыны алдындағы біздің адамдық парызымыз.
Ғылыми-анықтамалық аппараты және құжаттарды пайдалану бөлімінің бiлiктiлiгi жоғары деңгейлi маман - мұрағатшы О.Тасмағамбетов