Обзор мероприятий, проведенных в архиве к 70-летию Победы в ВОВ 1941-1945 гг.
Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатында 2014-2015 жылдары Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өту мақсатында арнайы жұмыс жоспары жасақталып, бірқатар шаралар атқарылуда.
Жерлестеріміздің майдандағы батырлықтары, тылдағы еңбегі мен ерлігі, тыныс-тіршілігі, сонымен қатар жергілікті басқару органдарындағы атқарылған маңызды шаралар туралы құнды деректер күні бүгінге дейін мұрағатымызда қаттаулы. Мұрағат қызметкерлері өткен жылы осы тақырыптағы мәліметтерді қамтитын мұрағаттық құжаттарды сараптап, іріктеп, барлық қорлар бойынша біріккен тізімдер дайындады. Күні бүгін мұндай 2000-нан аса істер анықталды.
Есепті мерзімде анықталған 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы туралы баяндайтын мұрағаттық құжаттар көпшіліктің назарына ұсыныла бастады.
Атап айтқанда, облыстық мұрағаттың www.muragat-bko.gov.kz веб-сайтында арнайы «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Женіске 70 жыл» атты айдар ашылып, мұнда көптеген мұрағаттық құжаттар жария етілді.
Мысалы, жоғарыда аталған облыстық мұрағат пен оның Жалпақтал және Сырым филиалдарындағы осы тақырыпқа қатысты мәліметтері бар іріктелген істердің, құжаттардың тізімдері веб-сайтқа оналастырылды және тек қана тізім түрінде емес, сонымен қатар, әр құжатты электрондық түрге сканерлеп көшіріп, сайтқа шығару жұмыстары жүргізілді. Күні бүгін пайдаланушылардың назарына 713 құжаттың тізімі ұсынылып, олардың 363-і сканерленді, веб-сайтқа орналастырылуда, пайдаланушы құжаттың атауын таңдаған кезде электронды көшірмесі ашылатындай түрге көшірілді.
Сонымен қатар, құнды деректер бойынша мақалаларды жергілікті баспасөз басылымдарында жариялау жұмыстары да өз жалғасын тапты - «Жайық үні» газетінде жарияланған «Тарих – ұрпақ үшін ұлағат, біз үшін қымбат», «Сырым елі» газетінде жарияланған «Жауынгер жолы», «Информбиржа» газетінде жарияланған «Женщины-воины» және жергілікті баспасөз беттеріне шықпай қалған мерген әйелдер туралы «Сөнбес сәулелі жұлдыздар» атты мақалалар веб-сайт пайдаланушыларының назарына ұсынылды.
Күні бүгін мұрағатта 1941-1945 жылдары жарық көрген көптеген газеттер сақталуда. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай мұрағат қызметкерлері осы түптемелердің арасынан жерлестеріміздің майдандағы ерліктері мен тылдағы еңбектері туралы баяндайтын мақалаларды іріктеп, жариялады. Осындай үзінділер «Екпінді құрылыс» және «Приуральская правда» газеттерінен алынып, «Орал өңірі» газетінің 2015 жылғы 5 және 19 наурыздағы нөмірлерінде жарық көрді, ал басылмаған үзінділердің көпшілігі веб-сайтқа осы арнайы айдарға орналастырылды. Барлығы 30 мақала.
Сол сияқты, мұрағаттың кітапханасында сақталған және пайдаланушылардың көп сұраныстарына ие болған «Боздақтар» (Зерде Кітабы), «Хронограф Победы», «У Победы женское лицо» және «И девушка наша проходит в шинели» атты кітаптардың электронды нұсқалары веб-сайтқа шығарылды.
Мұрағатта 51 жеке тектік қорлардың арасында ҰОС-ның қатысушылары мен ардагерлері туралы 12 қорлар бар, оның ішінде №39 «ҰОС ардагерлері мен Кеңестік Одағының батырлары», №273 "Мерген әйелдер орталық мектебінің түлектері бойынша жеке тектік істер жинағы", №П-537 «Фронтовичка» әйелдер клубы құжаттарының жинағы», №628 «Кеңестік Одағының батыры Мәншүк Маметова» атты және басқа да жеке тектік қорлар.
Осы кезге дейін мұрағатта құжаттық көрме ұйымдастыратын өндірістік алаңдар мен арнайы көрмелік құралдар болмау себептерінен бұл жеке тектік қорлар бойынша арнайы құжаттық көрме ұйымдастыру мүмкін болмады. Дейтұрғанмен, 2014 жылдың желтоқсан айында БАҚ қатысуымен өткен веб-сайттың таныстырылымы аясында осы құжаттардың аз ғана бөлігі бойынша шағын көрме ұйымдастырылды және басым көпшілігі толық түрде веб-сайтқа арнайы айдарға орналастырылды. Барлығы веб-сайтта 9 электронды көрме ашылды.
2015 жылдың 29 мамыр күні БҚО мемлекеттік мұрағаты ҚР Президенті мұрағаты мен БҚО тарихи-өлкетану мұражайымен бірлескен «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы аясындағы «Шерлі шежіре аманаты» атты халықаралық форум шеңберінде «Батыс Қазақстан облысының тарихы-жасампаздық пен жетістіктер жолы» атты экспонаттық-құжаттық көрме өткізді. Көрмеге ҚР Президентінің хатшысы Г.Н.Абдықалықова, ҚР Халқы Ассамблеясының, ҚР Президенті мұрағатының, облыстық әкімдігінің басшылығы және БАҚ өкілдері мен форум қатысушылары қатысты, өткен көрменің бір бөлігі ҰОС-дағы Жеңістің 70 жылдығына арналған болатын, мұнда мұрағаттық құжаттар, газеттер мен экспонаттар шығарылды.
Мұрағаттың қоймаларында 1941-1945 жылдары жарық көрген газеттердің 25 түптемесі бар, оның ішінде «Ведомости Верховного Совета СССР», «Екпінді құрылыс» және «Приуральская правда» газеттері.
Оқу залындағы зерттеушілердің жұмысына жасалған сараптама көрсеткендей, мұрағаттық құжаттармен қатар осы жылдардағы газеттерге де қызуғышылық мол. Сондықтан, осы жылдан бастап газеттерді жаппай сандау жұмыстары қолға алынып, соғыс жылдарындағы түптемелері веб-сайтқа шығарылды, әр пайдаланушыға он-лайн режимінде газеттің толық нұсқасымен танысуға болады. Қазіргі таңда 25 түптеменің 100% сканерленді, 2 түптеме веб-сайтқа шығарылды, ал қалған 23 түптеме өңделуде.
Аталған жұмыстардан басқа мұрағаттық құжаттардың пайдалану тәсілінің бірі болып табылатын зерттеушілерге оқу залы арқылы қызмет көрсету шаралары да өз жалғасын тапты.
2014-2015 жылдары ҰОС-дағы Жеңістің 70 жылдығына орай зерттеу өткізуге ниет білдірген пайдаланушылардың саны өсуде. Мысалы 2014 жылы 76 тақырыптың 12-і (15,7%) осы тақырыпқа арналса, биылғы жылдың 5 айында 45 тақырыптың 12-і (26,7%) соғысқа қатысты болды, соның ішінде соғысқа қатысқан жерлес әйелдеріміз туралы кітап шығарған тарих ғылымдарының кандидаты Б.С.Боранбаева және басқа да зерттеушілер қажетті деректерді облыстық мұрағаттың оқу залынан алған болатын. Оқу залына осы тақырып бойынша келген барлық зерттеушілерге жалпы 452 сақтау бірлігі пайдалануға берілді.
Айта кететін жайт, мұрағатта зерттеушілермен қатар мектеп оқушылары да мұғалімдерімен бірге жиі қонаққа келуде, оларды қонақ ретінде қабылдау себебі – бекітілген тәртіп бойынша оқу залындағы жұмысқа тек 16 жастан асқан зерттеушілер ғана дербес жұмыс жасауға жіберіледі. Сондықтан, мектеп оқушылары үшін арнайы таныстырылымдар мен экскурсиялар өткізіледі.
2015 жылы ҰОС-дағы Жеңістің 70 жылдығын атап өтілуіне орай былтырғы жылы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназияның оқушылары оқу залында зерттеулер жүргізді. «Өткенді еске алып, болашаққа беттейміз» тақырыбы бойынша қалалық мультимедиялық жобалар байқауына дайындық шенберінде 2014 жылдың 22 қазанында мұрағаттың ғылыми-анықтамалық аппарат және құжаттарды пайдалану бөлімінің қызметкерлерімен оқушылар үшін 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы туралы баяндайтын мұрағаттық құжаттар құрамы бойынша шолу дайындалып, лекция өткізілді. Содан кейін оқу залында мұрағаттық құжаттармен зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Одан басқа, 2014 жылдың 8 шілдесінде республика бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептер мұғалімдерінің бастауымен мектеп оқушыларының еліміздің әр түрлі қалаларына сапарлары ұйымдастырылған болатын. Сапар кезінде оқушылар келген өңірдің тарихымен танысып, мұрағатта 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде Орал өңірі және біздің жерлестеріміздің майдан мен тылдағы каһармандығы туралы құжаттарды зерттеді.
Бұл шара жақсы дәстүрге айналуда - алдағы аптада 10 маусым күні Астана, Шымкент, Павлодар, Атырау және Алматы қалаларының Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары мен жетекшілері (42 адам) келеді деп күтілуде. Қонақтар үшін көрме, экскурсия және оқу залында ҰОС туралы баяндайтын құжаттар туралы шолу мен дербес жұмыс әзірленуде.
ҰОС-дағы Жеңістің 70 жылдығы аталып өткеніне қарамастан, жоғарыда айтылған шаралар өз жалғасын табатын болады, алға қойылған ҰОС-на қатысты мұрағаттағы құжаттарды 100% көлемінде жұртшылықтың назарына ұсыну мақсаты толықтай аяқтауды қажет етеді.
Зерттеушілермен жұмыс және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы А.Искакова
04.06.2015 жыл