«В те пламенные дни...» (Ко Дню Победы)
Жаһанды жалынымен шарпыған отты жылдардың еншісінде еліміздің батыс аймағы сұрапыл соғыстың бірден-бір куәгері ретінде жазылды. Майдан қызу жүріп жатқан кезінде де жерлестеріміздің тынымсыз тер төккен тылдағы еңбегі мен ерлігі, тынымсыз тыныс-тіршілігі, сонымен қатар жергілікті басқару органдарындағы атқарылған маңызды шаралар туралы құнды деректер күні бүгінге дейін мұрағатымызда қаттаулы. Бұл дерек көздері өткеннен сыр шертетін мол мағлұмат екені даусыз.
Батыс Қазақстан облысының мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты» мемлекеттік мекемесі Ұлы Отан соғысының тарихына қатысты құжаттарды анықтау барысында жасалған жұмыстарға талдау жүргізіп, соның ішінде 1941-1945 жылдар бойынша құжаттардың санын анықтауда мұрағаттық қор құжаттарына басымдық берілгенін атап өткім келеді. Нәтижесінде аталған мерзім аралығында облыстық, қалалық, аудандық атқару комитеті, ауылдық кеңес, облыстық жер бөлімі, денсаулық сақтау және халыққа білім беру бөлімдері мен Чапаев, Шыңғырлау, Орда және Зеленов аудандық еңбекші депутаттар кеңесінің атқару комитеті, облыстық, қалалық және аудандық әскери комиссариаты бойынша қорлар іріктеліп тексерілді. Бүгінгі таңда облыстық мемлекеттік мұрағатта мұндай қорлар саны – 40-қа жетіп отыр.
Оның ішіндегі басым көпшілігі жергілікті басқару органдарының қорлары болып табылады. Атап айтсақ, облыстық, қалалық, аудандық комитет партиялары, облыстық, қалалық, аудандық кеңестері мен аудандық атқару комитеттері – 26 қорды құрап отыр. Сонымен қатар көптеген істер әскери комиссариаттар қорларына тиесілі: облыстық, қалалық, аудандық деңгейде саралағанда, барлығы – алтау.
Одан басқа ауылшаруашылық саласына жататын мекеменің қоры – 4, денсаулық сақтау – 3, білім беру – 2, мұрағаттар және құжаттама бөлімі – 1, жеке тектік қор – 3, БҚО мобилизацияланған бөлімі – 1 қор, машина-тракторлық стансасы – 2 қор, ұжымшарлар – 16 қор, кеңшарлар – 1 қор, қаржы бөлімдері – 1 қор, барлығы – 34 қорға жетіп отыр.
Жаралы жылдар жаңғырығы туралы сыр шертем деп жүргендер үшін жоғарыда аталған қорлардың 68-нен 623 іс бойынша Ұлы Отан соғысына қатысты құжаттар топтамасы біраз деректерге қанықтырары анық. Сарғайған құжаттардың өткеннен болашаққа шертер сыры мол.
Бұдан басқа, жергілікті басқару органдары қорынан – 290 іс, әскери комиссариат қорынан – 174 іс, ауылшаруашылық саласы мекемесі қорынан – 28 іс, денсаулық сақтау саласынан – 16 іс, білім беру бөлімінен –7 іс, жеке тектік қорынан – 5 іс, мұрағат бөлімінен – 6 іс, кеңшар, ұжымшар қорынан – 17 іс анықталды.
Аумалы-төкпелі, алмағайып кезеңдегі қиындықтар көптеген халықтардың тағдырына ауыр тигені белгілі. Бұл бағытта зерделенер құнды мәліметтер баршылық. Мәселен, Халық Кеңесі комитетіне қарасты халықтық қоныс-аудару басқармасының (1000), Орал облыстық партия комитетінің (37), Орал қалалық партия комитетінің (4) қорларында майдан маңындағы өңірден тұрғын халықтың біздің облысымыздың аумағына қоныс аударғандығы туралы, облыста қоныс аударылған жұртшылықты орналастыру және жұмысқа орналастыру жөніндегі құжаттар жетерлік.
Ел үшін майдан даласында қолына қару алып, қалың жаудан қаймықпастан, қасық қанын аямай, есімі ел жадына мәңгі жазылған жауынгерлерімізге қатысты сыр шертетін маңызды мәліметтер бір төбе. Солардың қатарында аты аңызға айналған жауқазын, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың жеке тектік қор құжатынан (628 қор) оның майдандағы мақтау қағазы мен елге жазған сағынышқа толы хаттарын көруге болады. Жауына жұдырық боп жұмылған қаршадай қыздың нәзік қолтаңбасы сондай ыстық көрінеді.
Мұрағат құжаттарын парақтай отырып, сол бір қиын кезеңдегі Кеңес адамдарының бауырмалдығына, достыққа беріктігіне, мейрбандық қасиеттеріне, барды бөлісе білгендігіне шексіз риза боласың. Таңырқайсың. Таңқаласың. Қызығасың.
Сондай-ақ, кей құжаттарға назар аударсақ, Батыс Қазақстан облысы жер бөлімінің 761-қорынан 1940-1942 жылдар аралығында Теректі ауданы бойынша «Лошадь Красной Армии» қорына қатысты мәліметтер мен хат алмасулар жүргізілгенін аңғарамыз. Ал Чапай аудандық еңбекші депутаттар Кеңесі атқару комитеті (790) қор шешімін алатын болсақ, 1943 жылы «Неміс басқыншылығынан босатылған аудандардың шаруашылығын шұғыл түрде қалпына келтіру шараларын ұйымдастыру» сияқты науқандық жұмыстар жүргізілгеніне куә боламыз.
Ұлы Отан соғысына қатысты құжаттарды анықтау барысында, олардың арасынан айтарлықтай қызықты ақпараттарды көруге болады. Мәселен, Орал облыстық еңбекші депутаттар Кеңесі атқару комитетінің (850) қор құжаттарынан
облыстық балалар музыка мектебінің жұмысы туралы, «Орыс драма театрының Орал қаласында ұйымдастырылуы
Карело-Фин музкомедия театрының орналастырылуы мен «Приколы» пьесасының қойылымы туралы
Батыс Қазақстан облысының аудандарынан дәрілік өсімдіктерді жинақтау жөнінде
1942 жылдың жазғы кезеңгі концертінің тематикалық жоспарлары ұйымдастырылғаны жөнінде деректер бар.
Сондай-ақ Қызыл әскер сарбаздарына жылы дүние мүліктің жіберілуі, Гурьев-Астрахань темір жолының құрылысына жұмыс күші мен транспорттың бөлінуі, түрлі заводтардың салынуы жөніндегі құжаттар айтарлықтай қызықтырады. Бұл қандай қиын жағдай болса да, осындай жұмыс түрлерінің жүріп жатқандығының айғағы. Тылда тынымтаппай еселі еңбек еткен бейбіт халықтың Ұлы Жеңіске деген сенімнің молдығына, рухының күштілігіне еріксіз бас иесің.
Облыстық мемлекеттік мұрағаттан басқа, оның филиалдарында Ұлы Отан соғысына қатысты – 71 мұрағаттық іс табылды. Нақты айтқанда, Жалпақтал филиалында – 65 іс, Сырым филиалында – 6 іс. Бұл өткен заманның тарихынан сыр шертетін нақты құжаттар, тұнып тұрған тарихи деректер болғандықтан, тек біз үшін ғана емес, өскелең ұрпаққа мұра ретінде қалатын құнды дүниелер болмақ. Сын сағатта тыл мен шепке бірдей түскен майдан ауыртпалығы елдің қабырғасын қайыстырды. Бірақ Кеңес халқы бәріне шыдап бақты. Төзімділік таныта білді. Сұрапыл жылдар салған алуан шиырда бүктеліп қаншама қатпар жатыр. Соның шешімінің бір парасы мұрағат көздерінде жатқаны анық. Ұлы Отан соғысы тақырыбына қатысты құжаттар тілін тауып, құнды мәліметтер паш ету – зерттеушілер еншісінде. Сондықтан да жоғарыда келтірілген деректер біраз сырдың басын ашуға сеп болары ақиқат. ҚаҺарман жылдар жаңғырығына жете зер салайық. Себебі, тарих өнегесі ұрпақ үшін ұлағат, біздер үшін қымбат. өткен мен болашақты байланыстырар алтын көпір осы сарғайған мұрағат құжаттары десек артық айтпаған болармын. Ел басына қара бұлт төнген алмағайып заманда Отан үшін отқа түскен аға-апаларымыздың ерлікке толы жорықты жолдары мен еселі еңбектері жайында қанша жазсақта артық етпейді. Ұлы соғысы жылдарынан сыр шертетін мәліметтерді алға тарта отырып, тәуелсіз еліміздің төл перзенттеріне патриоттық тәрбие бере аларымыз тағы бар.
ҒАА бөлімінің археограф маманы З.Бутанова