1931-1933 жылдардағы Орал өңіріндегі ашаршылық

1931-1933 жылдардағы Орал өңіріндегі ашаршылық
1928 тамызда Орталық Халық Комиссариаты мен Қазақ Орталық Атқару Комитетінің жергілікті қазақ байларын тәркілеу туралы бағдарламасы құпия түрде облыстық, аудандық атқару комитеттеріне жолданды.    
Бұл дегенің Қазақстанда тағы да саяси жағдайды шиеленістіріп, таптық күрсеті күшейтіп жіберді.
Осындай асығыс шешімнің қазақ ауылдарын азан-қазан етіп, ешкім түсініп болмаған сұрқия саясат, ақ-қараны ажыратуға мұрша бермей, сең соққандай қазақ ауылдарын есенгіретіп жіберді.
Осы қарарға орай 1928 жылы 5-ші қыркүйекте Орал округтік атқару комитетінің отырысы болып, онда облыстағы қазақ байларының есебі алынады.
Орал облыстық атқару комитеті арнаулы комиссия құрылып, оған мынадай жұмыстарды атқаруы тиіс деп көрсетілді:
  1. Қазақ байларын тәркілеу және колхоз шаруашылықтарын құру;
  2. Жаңа таптық сипатта кеңестік (совхоз) шаруашылықтар құру;
  3. Тәркіленген мал есебін жүргізу, қорғау және бағу;
  4. Қазақ байларының жерлерін бөлу және колхоздарға бекітіп беру;
  5. Аудандық шекаралар мен колхоз жерлерін анықтау;
  6. Жергілікті жерлерде жаңа басқаруды наихаттау.
Шындығында аз мерзімде мұндай күрделі де қиын әлеуметтік қайшылықтар туғызатын бұл саясат қазақ ауылының дәстүрлі дамуын тас-талқан етіп, халық жүгенсіздік пен босқындықтын тағы бір кезеңін бастап та кетеді.
         Кеңестік саясаттың таптық сипаттағы күресі одан әрі тереңдей түсіп, байларға жасалған зорлық зомбылық енді орташаларды тәркілеуде айна қатесіз тағы да қайталанды.
         Мұның өзі облыс халқының әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеп қана қоймай, ұйымдастырылған шаруашылықтардың талам-таражға түсіп, оның соңы облыста қолдан жасалған ашаршылықтың үдетуін тездетті.
         Облыс көлеміндегі мал басының орасан зор кемуі, байлар мен орташаларды тәркілеу, кедейдің малын колхозға тарту, ауыл адамдарын күнделікті ет-сүт өнімдерінен айыру, ортаға салу халық үшін ашаршылықтың бастауы болды.
         Кеңестік орташалар мен кедейлерді ұжымдастыру өз кезегінде қазақ байларын тәркілеуге қарағанда өте күшті дайындықпен жүргізілді.
         Облысқа 150-дей партия және комсомол белсенділері аттандырылып, қазақ ауылы, қазақ даласы тағы да түгелдей тонала бастайды.
         Олар жергілікті жерлерде орташа және кедей жиының өткізіп, шаруашылықты қайта құру, жалпы халық жиналысын өткізу, үгіт насихат жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ кеңес үкіметіне жат күштермен аяусыз күресу, оларды жазалау жұмыстарымен де айналысты.
         Бір ғана Жаңақала, Орда аудандарында 13 колхоз мүшесі қуғындалып, 3-і кеңестік сотқа тартылды. Жәнібек ауданында «Қосшы одағы» кедейлер тобынан 83 адам кеңес үкіметіне жат адамдар санатына қосылып,  одақтан шығарылды.
         Кеңестік ұжымдастыру қазақ ауылдарына азап алып келді. Ауыл мен село халқының жеке меншігіне қол сұғылып, күнделікті тіршіліктің көзі-малы мен еңбек құрал саймандары тартып алынып, колхозға берілді. Бұл өз кезегінде ашаршылық пен босқындықтың жаппай етек алуына алып келді.
         Облыс аудандарында жаппай ашаршылық пен босудың алдын алу, себебін анықтау үшін облыстың жабық жиналыстарында мәселе қаралды. Мысалы: Талды, Теңіз, Ілбішін, Егінқұдық аудандарындағы халықтық бас көтерулер анықталып, жағдайды жолға қою туралы шешім қабылданады.
         Кеңестік саясатта төменгі буындағы кеңес басшылары жергілікті халықты аяусыз жазалауда жоғарылардан еш қалыспады.
         Талды аудандық атқару комитетінің төрағасы Қуаншалиевтің «Көшпенділерге астық бермеу керек, біз оларға бос деген жоқпыз» деп өктемдік көрсетуі сол кездін саясатына еш қарсы болмаушылықтан айтылған өктемдік еді.
         Облыста кеңестік саясаттың жедел жүргені сонша, қай салада болмасын республикада алғашқылардың сапында болады да, кеңестік экономикалық қайта құрулардың қандай да түрі мезгілінде орындалып отырады.
         1928-1934 жылдар аралығында облыста мала басының күрт төмендеп, сандық көрсеткіште 80% құлдырауы, кеңестік қайта құрудағы жандайшап, бозөкпеліктің салдары болатын.
         Облыс ауданның алтауында мал басы 8 есе кеміп, ең төменгі құлдырау Жылқосын ауданында 51,2 есе, Жаңақала ауданында 13,1 есеге артқан. Ал осы аудандар көлемінде құрылған кеңестік шаруашылықтар азайып, 41,4 процентке төмендеген.
         Әрине үкімет жоспарын орындауда басшылар колхоз малы мен жеке қожалықтардан күштеп тартып алу негізінде жиналғаны (салықтын) оның соңы адам құрбандығы мен мал басының төмендеуіне ұласып, болашақ аштықтың негізі осылай жасалды.
         Аудандық көлемде малы жоқ шаруашылықтар көбейе бастап, оның алдын-алу жоспары жасалынбады да, ауыл адамдары ауыр күйзеліске бірінші болып ұшырады.
         Архив деректеріне сүйенсек, бұл кездердің куәгері, колхозшы Мамлетов ашына былай дейді: «Колхозда өмір қиындады, нан бермейді, аш жұмыс істеуге жұмсайды. Мен колхозда еңбек етемін соңғы жалғыз сиырымды етке тартып алды, колхоздан қашпаса басқа амал жоқ» . Сөзіміз дәлелді болу үшін төменде колхозшылардың шағымдарынан дерек келтіре кетейік. Мысалы: Жаңақала ауданы 3-ші колхоз басшылары Сексенбаев пен Оразалиев колхозшыларды кеңестік 28 баппен қорқытып, малын тартып алып, колхозшы Игебаевты әйелімен, сондай-ақ Жұмалиев, Бақалақов және басқалардың аштан өлуіне себепкер болады.
         Малы жоқ, мемлекеттен көмек жоқ адамдар небір адам төзгісіз азапқа түсіп, ел іші босқындықпен үдере көшудің айқайына ұласады. Ілбішін ауданынан «Ленин жолы» ет совхозы жұмысшылары аштықтан өлген малдың етін қазып алып, тамағын тапса, осы ауданның 4-ші ауылында көмілген мал етінің жоғалуы, оны табуда мал дәрігері, санитар және жұмысшыларды жұмылдыру қолға алынса, осы ауданның «Правда» колхозының колхозшылары жұмыстан бас тартып, жұмыс уақытында тамақ асына дала тышқандарын аулайтының айтқан. Көптеген колхозшылар аштықтан ісініп, жүруден қалғаны тіркелген.
         Архивтік деректерінде Шыңғырлау ауданы «Бірлік» колхозының колхозышылары күнделікті тамақ асына балпақтың, мысықтың етін пайдаланғаны, колхоздан ешқандай көмектің жоқтығын айтса, осы ауданның «Еркін еңбек» колхозында 8 адам өлімі тіркелгені айтылады.
         Әсіресе Ханкөл, Голощекин, Шалды ауылдарында аурудан өлген адамдардың көрсеткіші өте жоғары болып, Ханкөл ауылында көшпелі 97 жанұяның , 80-і аштық пен аурудан өледі. Адамдардың мәйттері жерленбей үйлерінде, болмаса далада қалып отырған. Егіндікөл ауылының 326 шаруашылығында 34 адам аштан өлсе, Ащысай ауылында қаңтар айының өзінде 14 адам өмірімен қош айтысты. Өлімнің салдары аштық пен аурудың кең етек алуы болды.
         Облыста  ашаршылық жаппай етек алып, Шыңғырлау ауданының Шілік ауылында жерленбеген жеті адам өлігі табылып, бәріне де аштан өлген деген дәрігерлік анықтама берілді. Жәнібек ауданының 3 серіктестігінде 326 адамның 160-сы аштықтан өлгені тіркелді.
         Егіннің шықпауы қолда бар малды мемлекетке астық, ет жоспарын орындау үшін өткізу, ақыр аяғы жаңадан құрылған колхоздардың тарап, жеті мыңдай адамның аштықтан қорғанып, келген жақтары Жаңақалаға қарай үдере босуы елде ауру мен аштықты одан әрі үдетті.
         Архив деректерінде жоғарға құпия түрде мынадай хат жолданды. Жаңақала аудандық партия комитетінен жедел хат: «Адамдарда ес жоқ, қайда бара жатқандарын өздері де білмейді, бар мақсаттары тірі қалу, қалай оны өздері де білмейді, құм даланы кезіп, бар үміттері дала құмаршығына жету»-делінген. (Ал құмаршық дегеніміз құмды жерде өсетін дәнді тамақтың табиғи бір түрі).
Бұндай жағдай Орал өңірінің барлық жерлерінде көрініс тапты.
Кеңестік саясатқа қарсы жаппай халық наразылығы бой алып, босқындық пен ашық бас көтерулер белен алып, өз замыныңда толықтай аяусыз жойылып отырды.
Мұның өзі сол кездін өзінде большевиктік саясатты қайта қарауды қажет етті. Батыс Қазақстан облысында мұндай шаралар 1932 жылдың көктемінен бастап қолға алынып, көшпелі қазақ шауашылығын қайта қалпына  келтіру жолында облыстық және аудандық комиссиялар жасақталды.  Бұл аз болса да оң өзгерістерді байқатты.
Республика деңгейінде жүргізілген 30-жылдардағы ұжымдастыру саясаты халық арасында оң шешім таппай оның соңы миллиондаған адамдар мен мал басының өте көп құрбандыққа шалынуына әкеліп соқтырды.
Бұл деректер облыстық архив дерегінің тек бірегейін ғана сөйлеттік. 1930 жылдардағы ашаршылық кешенді түрде зерттеуді қажет етеді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Ашаршылықтың алдындағы тəркілеу жəне ұжымдастыру науқандары талай дəуірден бері қапысыз қалыптасқан көшпелі қазақтың шаруашылығын шайқап, тіршілік қалыбын бұзды. Соның салдарынан қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына 1970 жылдары əрең қол жеткізді. Біздің тарихқа жіті көзбен қарап, өткенді ұмытпауымыз осындай нəубеттердің қайталанбауы үшін қажет. Халықтың қасіретті сəттері əрдайым елдің жадында болуы тиіс. Бұл ретте тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған ашаршылық ешқашан ұмытылмақ емес» деген болатын.
gazeta

 

 

«Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамытужәне архив ісі басқармасының «Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

РК, Западно-Казахстанская область, город Уральск,
ул. Касым Аманжолова, 85

Телефон: 8 (7112) 50-43-19

Email: Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.

Разработка и сопровождение сайта Helena Burbel