Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің сақтауындағы архивтік қорларының қысқаша шолуы

  

        Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивында 2023 жылдың 1 шілдедегі жағдайы бойынша 2386 қор, 674599 сақтау бірлігі бар, оның ішінде- басқару құжаттары - 506081, жеке құрам жөніндегі құжаттары - 158507, ғылыми-техникалық құжаттама - 2096, жеке тектік құжаттары - 4144 сақтау бірлігі, киноқұжаттары - 796, фотоқұжаттары – 2958, фоножазбалары - 30 сақтау бірлігі, 926 газеттер түптемесі мен 1029 журналдар бар.
       Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивында, негізінен, 1919 жылдан қазіргі кезге дейінгі құжаттар бар. Революцияға дейінгі кезең 1888 жылдан бері қарай метрикалық кітаптар жинағы түрінде көрсетілген.
       Құжаттар мемлекеттік биліктің жергілікті органдары мекемелері, халық шаруашылығы басқармасы қызметін сипаттайды, экономика, мәдениет саласындағы шараларды облыс аумағында құрылған машина жасау, энергетика, отын, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіптерін, астық, жер шаруашылығы мен мал шаруашылығының дамуын суреттейді. 1919-1921 жылдардағы өлкеде орын алған қантөгіске толы азаматтық соғысты, ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру үдерістерді, 1930 жылдардағы ашаршылық, сталиндік тоталитарлық режимнің репрессияларын және қазақ халқына қарсы жүргізілген геноцид туралы құжаттардың өзіндік орны бар.
       Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі құжаттар өндіріс және ауыл шаруашылығының дамуын, эвакуацияланған халық пен өндірісті қабылдауды және орналастыруды, халықтың еңбекқорлығы мен тылдың майданға көмегін барынша ашып көрсетеді. 1942-1943 жылдары Орал өңірі Сталинград майданының жақын тылдарының бірі болатын. Облыста әскери бөлімдер, мектептер, училищелер және әскери ауруханалар құрылып, орналастырылды. Сондай-ақ, 1953-56 жылдардағы тың және тыңайған жерлерді игеру жөніндегі құжаттар да маңызды сипатты құрайды.
       Батыс Қазақстан облысы - Қазақстан Республикасының көп ұлтты облыстарының бірі. Архивта туған жерінен қуылған халықтар үшін Орал өңірі екінші Отаны ретінде айтылатын құжаттар баршылық. Олар - XIX-XX ғғ. кішігірім армян қауымын құрған - армяндар, 1920-жылдары полицейлік биліктің қудалауынан жасырынған поляктар мен Литва, Латвия тұрғындары, Поволжье мен Қиыр Шығыстан еркінен тыс көшірілген немістер және кәрістер.
      1991 жылдан бастап қалыптаса бастаған құжаттардың да өзіндік орны бар. Өйткені, бұл құжаттарда жас, тәуелсіз Қазақстан Республикасының, сонымен қатар біздің облысымыздың да қалыптасуы мен дамуының елеулі сәттері баяндалады.
       Суретші С.Гумаров, Б.А.Дубовиченко, Орал өңірінде кеңестік билікті орнатуға ат салысқан А.М.Ипмагамбетов, А.Н.Назарова, еңбек сіңірген артист П.П.Поддубный, КСРО жазушылар Одағының мүшелері Н.Ф.Корсунов, Э.Габбасовпен табысталған жеке тектік құжаттары, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, Кеңес Одағының батыры және Социалистік еңбек ері, Орал қаласының Құрметті азаматы П.А.Атоянның және басқаларының құжаттамалар коллекциялары өзінше қызықты мазмұнды құрайды.
    Кино, фото, фоно және бейнеқұжаттар қоғамның қоғамдық-саяси, мәдени, спорт өмірін, Орал қаласының тарихи ескерткіштері мен архитектурасын және облыстың табиғи байлықтарын барынша айшықтап көрсетеді.
      Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінде 59 атауларын құрайтын газеттердің мол жинағы сақталуда. Газеттердің уақытаралық шеңберлігі 1860 жылдан 2012 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Ең көп сұранысқа ие және зерттеушілер үшін маңыздылары ол ерте кездегі газеттер (1860-1930 жж.) – олардың 40-тан астам түптемелері бар. Оның ішінде нөмірлері толығырақ қамтылғандары – «Яицкая правда» және «Красный Урал» газеттері. Олар арқылы оқырмандар сол күндерден жанды естеліктерді таниды.
       Журналдар жинағы негізінен салалық сипаттағы мерзімді басылымдарды қамтиды, атап айтқанда, тарих, архив ісі және іс жүргізу мәселелері бойынша.
   Архивтің кітаптар қоры, архивтің материалдары негізінде дайындалған өңір мен облыстың даму тарихы бойынша кітаптардан, анықтамалықтардан, тарихшылар мен архившылар үшін қызықты жеке тұлғалардың үй кітапханаларынан берілген кітаптардан құралады.

«Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамытужәне архив ісі басқармасының «Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

РК, Западно-Казахстанская область, город Уральск,
ул. Касым Аманжолова, 85

Телефон: 8 (7112) 50-43-19

Email: Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.

Разработка и сопровождение сайта Helena Burbel