Облыстың номенклатуралық қызметкерлері туралы анықтамалықтың тұсау кесері
2017 жылғы 16 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінде компартия ардагерлері, өлкетанушылар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен «Батыс Қазақстан облысының номенклатуралық қызметкерлерінің анықтамалығы» атты басылымының таныстырылымы өтті.
Таныстырылым өткізудің мақсаты: оқырмандарға 1919-1991 жылдардағы губерниялық, уездік, облыстық, қалалық, аудандық партия комитеттерінің 1-ші, 2-ші, 3-ші хатшылары туралы толыққанды ақпарат ұсыну, жетекші қызметкерлердің өмірбаяны арқылы кеңес кезеңіндегі өлке тарихын таныту, аумақтық көлемдегі кеңестік партия элитасының және кеңес дәуіріндегі кадр саясатының маңыздылығы туралы түсініктер берілді.
Басылым туралы БҚО мемлекеттік архивінің директоры Айжан Нұрғалиқызы Савгабаева бірқатар түсініктер беріп өткен болатын. «Батыс Қазақстан облысының номенклатуралық қызметкерлерінің анықтамалығы» атты II томнан тұратын басылымда, 1919-1991 жылдардағы губерниялық партия комитеттері, уездік комитеттері, облыстық, қалалық, аудандық партия комитеттерінің 1-ші, 2-ші, 3-ші хатшылары туралы мәліметтер берілген.
Ғылыми-анықтамалық басылым 870 жетекші партия қызметкерінің өмірбаяны мен қызметі туралы мәліметті қамтиды. Анықтамалық әр адамның туған жылы, туған жері, ұлты, әлеуметтік тегі мен білімінен басталады. Одан әрі оның еңбек жолын қысқаша сипаттай отырып, коммунистік партия қатарына енген күні көрсетілген. Бүкілодақтық партия конференциясы мен партия съездеріне делегат болып сайлануы және адамдарға саяси қуғын-сүргіннің қалай қолданылғаны туралы мәліметтермен толықтырылған. Кеңес немесе партия қызметкеріне берілген үкіметтік мадақтаулар туралы ақпараттармен аяқталады. Өмірбаяндық анықтамалықта фотосуреттер де бар.
Таныстырылым барысында мемлекеттік архивтің тарихы және анықтамалық туралы слайд көрсетілді.