«Батыс Қазақстан облысының тарихы-жасампаздық пен жетістіктер жолы» атты экспонаттық-құжаттық көрме
«Батыс Қазақстан облысының тарихы-жасампаздық пен жетістіктер жолы» атты экспонаттық-құжаттық көрме
Көрме ұйымдастырушылары:
1. ҚР Президентінің мұрағаты;
2. БҚО мемлекеттік мұрағаты;
3. БҚО тарихи - өлкетану мұражайы;
4. БҚО ұлттық–мәдени орталықтары;
5. Облыстың ірі өндірістік компаниялары мен кәсіпорындарының материалдары.
Көрменің мақсаты: Батыс Қазақстан облысының тарихи даму болмысын көрсететін экспозициялық - ғылыми дәлелденген бейнесін жасау.
Міндеттері:
Көрермендерді өлке тарихымен таныстыру, мұрағаттағы маңызды тарихи құжаттардың зерттелуін жаңғырту;
БҚО мұрағатында сақтауда тұрған өлкенің аса көрнекті тұлғаларының тарихын баяндау арқылы ғылыми-зерттеулерге мүмкіндіктер беру;
Тарихи жәдігерлерді қорғауға ынталандыру.
Республиканың тәуелсіздік тізгінін өз қолына алып, егемен ел болуы төл тарихымызды жаңаша зерделеуге мүмкіндік берді. Осыған орай, бүгінде еліміздің тарихында өзіндік терең із қалдырған тарихи оқиғаларға ұлттық мүдде тұрғысынан лайықты баға беру жолында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысы – Қазақстан Республикасындағы бастаушы (жетекші) аймақтардың бірі. Ежелгі көшпенділер дәуірінен бастап Батыс Қазақстан – саяси жаңалықтардың ошағы, көшпенді халықтың мемлекеттік тұрағы, Ұлы Жібек Жолы арқылы Батыс пен Шығысты жалғаушы аралық болды. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы — Қазақстан Республикасының солтүстік-батысындағы әкімшілік-аумақтық бөлік. Шығысында ҚР-ның Ақтөбе облысымен, оңтүстігінде ҚР-ның Атырау облысымен және РФ-ның Астрахань облысымен, батысында РФ-ның Волгоград пен Саратов облыстарымен, солтүстік-батысында РФ-ның Самара облысымен, солтүстігінде РФ-ның Орынбор облысымен шектеседі. Облыс 1932 жылдың 10 наурызында Батыс Қазақстан облысы болып құрылды. 1962 жылдың 3 мамырында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Батыс Қазақстан облысы Орал облысы болып өзгертілді. 1992 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының №1558 ХІІ қаулысымен Орал облысы Батыс Қазақстан облысы болып қайтадан өзгертілді. Жерінің аумағы 151,3 мың км2, тұрғындары 624 мың адам (2014). Әкімшілік-аумақтық жағынан Батыс Қазақстан облысы 12 аудандық, 2 қалалық, 3 кенттік және 155 ауылдық округтерге бөлінеді.
Бірінші рет көрмеге шығарылатын бірегей мұрағаттық құжаттар тәуелсіз Қазақстанның жалпы ілгері дамуындағы облыстың өткен уақыттардағы оқиғаларына, өскелең бүгінгісіне, даму мүмкіншілігіне шынайы көзқарас қалыптастырады. Құжаттық-экспонаттық көрменің материалдары б.д.д V ғ. соңы мен ІV ғ. ортасына, яғни, ежелгі сармат кезеңіне жататын археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған «Алтын әйел» құнды жәдігерінен басталып, Сырым батыр, Бөкей хандығы, Алаш Орда, 1917 жылғы оқиғалар, 1921-1922 жж. ашаршылық, бай-кулактардың мүліктерін тәркілеу, 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы, тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңін қамтып, тәуелсіз Қазақстан тарихында Батыс Қазақстан облысының алатын орны жайлы мұрағаттық деректермен аяқталады.
1. Ұлы дала (б.д.д V ғ. соңы мен ІV ғ. ортасы-XVIII ғасыр)
Ертеде Ақжайық өңірі орналасқан далалық Орал аймағын адамзат баласы бағзы кезеңдерде, яғни, палеолит дәуірінде игеріп, мекен ете бастаған. Ұлы дала төсінде ықылым замандардан батыстан шығысқа, шығыстан батысқа жөңкіле көшіп-қонып жүрген көне тайпалар Орал жеріне де аялдап, ат басын тіреген, бұған осы өңірден табылған кесенелер, көне қоныстар, қалашықтар мен кен қазбаларының орындары куә.
«Тақсай оба кешені» деген шартты атауға ие болған археологиялық қазба жұмыстары кезінде ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орны анықталды. Ғалымдардың пайымдауынша, Тақсай-1 оба кешенінен табылған «Алтын әйел» қабірі шамамен б.д.д V ғ. соңы мен ІV ғ. ортасына, яғни, ежелгі сармат кезеңіне жатады. Оған жерлену тәсілі, жерлеу элементінің құрылымдары, сары металдан жасалған көптеген бұйымдары мен салт-жоралғы заттары дәлел. Тақсай оба кешенінен табылған сармат әйелінің әшекейлеріне қарап, оның ақсүйек тұқымынан екені туралы тұжырым жасалуда.
Кең пейілді, ашық және қонақжай Орал қаласы Жайық өзенінің бойында орналасқан. «Жайық» өзенінің атауына келетін болсақ, ол жалпы түркі тілдеріндегі «кеңінен жайылып ағатын» деген мағынаны білдіреді. Ежелден Еділ мен Жайықтың ортасы мен төңірегі көне қалалардан кенде болмаған. Сондықтан «Бұл өңірде ешқандай өркениет болмаған» деген пікірлердің негізсіз екенін бүгінде археология ғылымы дәлелдеп отыр.
«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдары жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Кіші жүз рулары Жайық өзенінің оң жағалауына өтіп, қалмақтарға іргелес қоныс тепті. Шығыс шекарадағы ауыр жағдай тез арада үш жүздің басын қосып, күш біріктіруді қажет етті. Ордабасы тауында өткен 1728 жылғы құрылтайда қазақ жасағының Бас қолбасшысы болып Кіші жүз билеушісі Әбілқайыр хан сайланды. 1730 жылы Әбілқайыр ханның қол басшылығымен Қазақстандағы жоңғар шапқыншылығына тойтарыс берген Аңырақай шайқасы болып өтті.
Батыс Қазақстан өңірінде 1783-1797 ж.ж. аралығында ұлт-азаттық көтеріліс бұрқ ете түсті. Тарихи әдебиеттерде, әдетте, Сырым Датұлы бастаған көтеріліс ретінде аталғанымен, бұл күреске белгілі батырлар Тіленші Бөкенбайұлы мен Барақ Сатыбалдыұлы, басқа да батырлар мен билер жетекшілік етіп, орыс шебіне көптеген шабуылдар ұйымдастырған. Көтеріліс Орал өңірінде өткендігі, Сырым батырдың Елек қаласына тиіскендігі, жолдастарына Орал қаласының өргі және төменгі тарапындағы отарларды шауып алуға кеңес қылғандығы, Қалдығайты мен Бұлдырты суларының аяғындағы Жетікөл деген жерде тұрғандығы старшина Төлеберген Төлектің 1792 жылы ақырап айының 9 күні полковник Данил Михайлович Донсковқа жазған хабарламасыБҚО мемлекеттікмұрағатындағы деректерде кездеседі.
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспонаттары
ҚР Президентінің мұрағаты мен Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының қорларынан мұрағаттық құжаттар
2. Бөкей хандығы (XIX ғасыр)
ХІХ ғасыр басында Кіші жүздің бірқатар ауылдары Ресей империясының құрамындағы Жайық пен Еділ өзендерінің төменгі ағысын қамтыды. Олар кейін Бөкей Ордасын немесе Ішкі Орданы (географиялық орналасуы бойынша) құрды. Әкімшілік басқарылуы жағынан Ішкі Орда Орынбор шекара комиссиясына бағындырылды, орналасқан аумағы Астрахань губерниясына қарайтын. 1801 жылғы 11 наурызда император I Павелдің жарлығымен Кіші жүз қазақтарының осы жерде көшіп-қонуы заңдастырылды.
Жәңгір 1824 жылы Орал қаласында хан болып жарияланды және хандықты 20 жыл бойы басқарды. Жәңгір хан тұсында Бөкей Ордасында басқарудың жаңа жүйесі енгізіліп, хандық билер басқарған 12 әкімшілік орталыққа бөлінеді. Билер мен хандар кеңесі, тархандар институты қайта құрылған.
Жәңгір хан билік басына келісімен көптеген реформалар жүргізді. Соның бірі – қазақ балаларына арнап зайырлы мектеп ашуы. 1864 жылы Бөкей Ордасының Калмыков бекінісінде сауда жасаған башқұрт Абдул-Вали Мухамедгалиев пен Қазан татары Абдулгадий Габесов өз қаражаттарына бала оқыту үшін мектеп ашып, қазақ ұлдары мен қыздарын ақысыз оқытқандығы, Жәңгір ханның ісін жалғастыруы арқылы Мұхамедгалиев пен Габесов игі іс жасағандығын БҚО мемлекеттік мұрағатында сақталған деректер дәлелдейді.
3. Орал облысы 1920-1930 жылдарда
3.1. Алаш Орда
1918 жылы Жымпитыда Кіші жүз қазақтарының съезі өтіп, Ойыл уәлаятының құрылғандығын жариялайды. Ол ресми түрде «Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше» деп аталып, оның төрағалығына Ж.Досмұхамедов сайланды. Батыс Алашорданың Жымпитыда құрылғандығы туралы деректер БҚО мемлекеттік мұрағатында кездеспейді.
Бірақ, оның негізін қалағандар Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтардың фотосуреттері мемлекеттік мұрағатта сақтаулы. Мысалы: Халел Досмұхамедовтың Оралдағы әскери реалдық училищесінің оқушысы (1895-1903 жж), Санкт-Петербург қаласындағы Императорлық әскери-медицина академиясының түлегі (1909 жыл 9 қараша), Түркістан Республикасы денсаулық сақтау халық комиссариатының алқа мүшесі (Ташкент қаласы, 1923 жылдың көктемі) болғандағы фотосуреттері, 1928 жылы Алматы қаласында ашылған бірінші жоғары оқу орны – Қазақ педагогикалық институтының проректоры, 1934 жылы Воронеж қаласында Гигиена институтының бөлім меңгерушісі болғандағы және Жаханша Досмұхамедов пен жары Ольга Константиновнаның және туыстарымен бірге түскен 1920 жылғы фотосуреттері бар.
3.2. 1917 жылғы оқиғалар және азамат соғысы
1917 жылы 25 қазанда (7 қарашада) Әскери-революциялық комитет Уақытша үкімет билігінің жойылғандығын жариялады. Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті.
Орал облысында Кеңес өкіметін орнату үшін қиян-кескі күрес болды. Кеңес үкіметі Оралда азамат соғысы жылдарында түпкілікті орнады.
Азамат соғысы елде Қазан төңкерісінен кейін көп уақыт өтпей-ақ басталды. Оралды ақгвардияшылар қоршауынан босатуға мемлекеттік мұрағатта сақтаулы тұрған Николай дивизиясының бастығы В.Чапаевтың 1918 жылдың 30 қазанындағы бұйрығы және 1919 жылғы 30 қазандағы Рубежин болысында өткен съезде ауыл және хутор кеңестерінің өкілдері Оралды жаудан азат еткені үшін 25-ші атқыштар дивизиясына жалынды сәлем жолдай отырып, Кеңес үкіметін қолдайтындығы туралы Резолюциясы дәлелдейді.
3.3. 1921-1922 жылдардағы ашаршылық
1917-1921 жылдар аралығында Ресейдегі болған 3 жылдық азамат соғысы салдарынан Орал губерниясында орын алған ашаршылық туралы «Ужасы голода в Уральской губернии» атты мақала БҚО мемлекеттік мұрағатында сақтаулы. Мақалада Кеңестік Ресейдегі таптар арасындағы соғыстан Орал губерниясындағы зұлмат аштық туралы, әсіресе, 1920 жылдың қыс айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өспей қалуы және 1921 жылдың шілде айында құрғақшылықтың болуы, малдың қырылуынан әртүрлі өсімдіктерді, иттерді, тіпті, кей жерлерде адам етін жеу фактісі де орын алғандығы туралы баяндалған.
3.4. 1920-1930 жылдардағы Орал облысының өнеркәсібі мен әлеуметтік-мәдени дамуы
Қызыл Армия мен флотты жабдықтау жөніндегі жұмысшы-шаруа Кеңесі төтенше уәкілінің бұйрығында Қызыл Армияны консервімен жабдықтау қарқынды түрде жүріп жатқандығы, соған байланысты Консерв өндірісінің бас басқармасы мен оның жергілікті органдарына Батыс майданды консервілермен қамтамасыз ету бойынша өндірістік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін барлық шараларды қабылдау туралы 1920 жылғы 15 шілдедегі бұйрығы Орал өңірінде кәсіпорындардың қалыпқа келе бастағанын мұрағаттық құжаттар айғақтайды. Орал ет консерві зауыты әскери тапсырыстарды орындап, әртүрлі материалдар және отындармен қамтамасыз етіп отырған.
1925 жылдың желтоқсанында БК(б)П XIV съезі болып өтті, ол елді индустрияландыру бағытын, яғни неғұрлым жылдам қарқынмен аграрлық елді өнеркәсібі дамыған елге айналдыру бағытын белгіледі. Тек жаңа экономикалық саясат кезінде Орал–Ембі аймағындағы бірнеше мұнай өңдеу кәсіпорындары қайта жанданды. 1936 жылғы мәліметте «Эмбанефть» трестінің тізімі толықтай көрсетілген. Олар: Доссор, Мақат, Калинин, Байчунас, Косчагыл, Мехзавод, ГТК, Строконтора, Комбаза, ГРК деп аталатын мұнай өңдеу тресттері ХХ ғасырдың басында өз жұмысын жүргізгендігі туралы мұрағаттан шыққан құжаттар куә.
3.5. Бай-кулактардың мүліктерін тәркілеу
Қазақстан Орталық Атқару комитеті 1928 жылы 27 тамызда аса ірі байлар мен кулактар мүлкін тәркілеу туралы заң шығарды.
Осыған орай, жұмысшы, шаруа, казак және қызыләскерлік депутаттар мен еңбекші қазақ халқы Кеңесі Орал округтік атқару комитетінің 1928 жылғы 20 қыркүйектегі «Тәркілеу туралы» қаулысы шықты. Кеңес үкіметі байлардың, хан тұқымдарының және атқамінерлердің мүліктерін күштеп алғандығы туралы мұрағаттағы құжаттар дәлелдейді. Мысалы: қазақ байлары Залиев Рысқалидан 199 бас, Сабиров Гумардан 237 бас, Худайбергенов Нагимнан 68 бас, Бугаев Бакирдан 86 бас, Сыиков Мугаздан 275 бас, Исенгулов Томпаштан 155 бас, Султанов Зейнештен 179 бас, Сахипов Хадирдан 226 бас, Джумалиев Маубидан 27 бас, Машекенов Халиктан 10 бас, Шангиреев Бижаннан 54 бас, Шангереев Таусуннан 9 бас мал тәркіленгендігі жазылған. 20, 21, 22 ордер бойынша А.П.Овчинников жолдастан күмістен жасалған 3 самаурын, 4 шәйнек және тағы да басқа заттар, 16-17 ордер бойынша Л.И.Барыкин жолдастан күмістен жасалған 50 асхана қасығы, 39 шай қасығы тәркіленген.
3.6. Репрессиялар
4. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы
ІІ-ші дүниежүзілік соғыс жылдарында облыс тұрғындары мобилизацияланып, майданға аттандырылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақжайық өңірінен майданға 76 мыңнан астам азамат аттанды. Батыс Қазақстан облысында соғыс қарсаңында 395.631 адам тұратын, 1938-40 жылдары әскер қатарына 2552 адам шақырылса, 1941 жылы 22 шілде мен 31 желтоқсан айлары аралығында—22.943, 1942 жылы - 28.338, 1943 жылы - 13.373, 1944 жылы - 8.084, 1945 жылы—1335 адам, яғни, барлығы 1938-1945 жылдары—76.635 адам алынды. Соғыс 36.548 батысқазақстандықтардың өмірін қиды, оның 15.695-і ұрыс кезінде опат болды. Облыста 1300 төсектік 3 госпиталь ұйымдастырылды. Облыстың экономикасы соғыс жағдайына лайықталып, қайта құрылды.
Облыстық мұрағат қорында 1941 жылғы 8 қыркүйектегі еңбекші депутаттардың облыстық кеңесі мен облыстық комитетінің партия бюросының атқару комитетінің «Киіз басу фабрикасының орналастырылуы туралы» қаулысы бар. Мұрағаттық құжатта киіз жасау фабрикасының Оралға көшірілгені және киіз жасау фабрикасына керекті құралдардың берілуі, электр қуатымен қамтамасыз етілуі туралы деректер сақталған.
1942 жылы 30 тамызда Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың майданнан Ахметжан Қойшығұлұлына жазған хатында «Мен сізге екі ауыз сөз арқылы маған қызыл әскер қатарында қызмет ету бақыты бұйырғаны үшін алғыс білдіргім келеді. Мен қызыл әскер қатарындағы жауынгермін. Ахметжан аға көп жазудың қажеті жоқ, штабта мені жақсы қабыл алды. Мен шұғыл түрде әскери қызметті меңгерем, сіздің сеніміңізді ақтауға уәде беремін» деп қысқаша хат жазуы, Ұлы Отан соғысында жүріп елге сағынышпен жазған Кеңес Одағының батыры С.Жақсығұловтың отбасына жазған амандық хаты да мұрағаттық құжаттар арасында сақтаулы.
5. Орал облысы 1950-1970 жылдарда
Облыс өміріндегі 1950-1960 жылдардағы басты оқиға – бұл тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты жүргізілген шаралар болды.
Тың және тыңайған жерлерді игеруге Батыс Қазақстан облысының үлес қосқандығы облыстық мұрағатта сақталған 1954-1955 жылғы анықтамада жазылған. Облыс колхоздары мен совхоздарына 314 гектар жерді игеру жөнінде тапсырма берілгендігі, тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстарын дамытқандығы, кадрлар даярлау жұмыстарын қарқынды жүргізгендігі, элеваторлар мен құрылыс материалдарын дайындағаны туралы мәліметтер құжаттарда кездеседі.
«Батыс Қазақстан облысының астық өнімдерін арттырғаны және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде жеткен жетістіктері мен социалистік міндеттерді орындап, мемлекетке 1958 жылы 50 миллион пұт нанды сатқаны үшін» 1958 жылдың 2 қазанындағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен Батыс Қазақстан облысы «Ленин Орденімен» марапатталғандығы облыс диқандарының тың жерлерді игеруде зор еңбегін көрсетеді.
1970 жылғы санақ бойынша Орал облысы аумағында аз санды халықтар мекендеген. Мәлімет бойынша, 3567 неміс, 528 корей, 20 ұйғыр, 6 болгар, 14 қытай, 268 поляк, 1 күрд ұлты тұрғандығын мұрағаттық деректер айғақтайды.
Орал қаласы әрқашанда мәдениет пен өнердің ордасы болды. 1970-1980 жылдары Орал қаласына ән падишахтары КСРО халық әртістері Е.Серкебаев пен Б.Төлегенованың, ҚР халық әртісі Р.Рымбаеваның, Ақжайықтың тумасы, ақын Ж.Молдағалиевтың Орал өңіріне келіп, өз өнерлерін паш еткендігіне мұрағаттағы фотосуреттер куә.
6. Батыс Қазақстан облысы тәуелсіздік жылдарында
Қазіргі уақытта Қазақстан әлемдік қоғамдастықтан өзінің лайықты орнын иеленіп, тең құқылы серіктестікке айналып қана қойған жоқ, сонымен қатар, аймақтық және жаһандық, экономикалық-саяси мәселерді шешуде көптеген елдерден көш бойы озып отыр. Жас тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Елбасы талай рет республикамыздың батыстағы қақпасы – Батыс Қазақстан облысына іссапарлармен келіп, Жайық жұртшылығымен жүздесіп, тыныс тіршілігімен танысты.
Мұрағаттық деректер бойынша өңір экономикасын дамытуда Батыс Қазақстан облысында «1998-2000 жылдарына арналған Батыс Қазақстан облысының дамуы» атты стратегиялық жоспар қабылданып, халықтың әл-ауқатын көтеруде көп жұмыстар атқарылды.
Стратегиялық жоспарда облыс экономикасы, әлеуметтік саласы, ауыл шаруашылығы, шағын-орта кәсіпті дамыту, инвестициялар тарту, электроэнергетиканы дамыту, халықты жұмыспен қамту, бюджеттік тапшылықты қысқарту қамтылған.
Орал қаласы—тоғыз жолдың торабы, мұнда астана мен облыс орталықтарына, жақын және алыс шет елдерге темір жол,ауа,су, және автомобиль жолдары тоғысады. Еліміз мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, дербес даму жолын таңдауына байланысты Батыс Қазақстан облысының саяси-әлеуметтік, экономикалық өмірінде, жергілікті басқару жүйесінде түбегейлі өзгерістер жүзеге асты. Сондай-ақ, батысқазақстандықтар республика ауқымындағы маңызды мемлекеттік, қоғамдық шараларға белсене қатысып, саяси-құқықтық және экономикалық реформаларды жүзеге асыруға үлес қосып келеді.