Кеңес Одағының Батыры, Батыс Қазақстан облысының тумасы Есен Шегреұлы Орақбаевтың туғанына 95 жыл толу құрметіне жеке тектік қорына жататын құжаттар тізімі (15.12.2017)

Есен Шегреұлы Орақбаев 1922 жылдың 22 маусымында (7 шілде) Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Қарағай ауылында шаруа-батрақ отбасында дүниеге келген. Әкесі – Шегреев Орақбай революцияға дейін бай-кулактарда шаруа-батрақ болып, 1929-1962 жылдары–колхозшы болып еңбек етті. 1962 жылы еңбек демалысына шықты. 1970 жылы қайтыс болды. Анасы – Шегреева Жамал үй шаруасында болды. 1930 жылға дейін ата-анасымен бірге тұрды. 1930 жылдың соңында Батыс Қазақстан облысы Чапаев ауданы «1-е мая» колхозына көшіп келді.
1935 жылы Қарағай бастауыш мектебін, 1938 жылы Киров толық емес орта мектебін бітірді. 1942 жылы Орал педагогикалық училищесін тәмамдады.
1942 жылдың сәуірінде Батыс Қазақстан облысы Фурманов аудандық әскери комиссариатынан Кеңес Армиясы қатарына шақырылды. Оңтүстік-батыс майданында, 3-ші Украин майданында, 2-ші Украин майданында шайқасты. 1944 жылдың қарашасында Венгрия жеріндегі (Карцаг) шайқаста жарақат алып, 1945 жылдың қаңтарына дейін госпитальде болды. Емделгеннен кейін батарея командирі лауазымында қызмет етті. Кеңес Армиясы құрамында Румынияда, Венгрияда, Австрияда, Чехословакияда, Германияда, Монғолияда, Қытайда болды. Батыс майданда гитлерлік Германияға қарсы шайқасқа, Шығыс майданда империлистік Жапонияға қарсы шайқасқа қатысты.
«Ленин», І-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және «Алтын Жұлдыз», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылды.
Соғыстан кейін Чапаев аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Бөрлі аудандық партия кабинетінің меңгерушісі, Бөрлі ауданында әуені бақылау, жариялау және байланыс әскерінің радио-техникалық батальоны рота командирінің саяси бөлімі бойынша орынбасары, Бөрлі ауданы Қарашығанақ МТС партия бюросының хатшысы, Казталов аудандық партия комитетінің Бостандық МТС аймағы бойынша хатшысы, Казталов ауданы Куйбышев атындағы колхоз төрағасының орынбасары және партия бюросының хатшысы, Куйбышев атындағы колхоз төрағасы, Чапаев ауданы «1-ші мамыр» атындағы колхоз төрағасының орынбасары және партия бюросының хатшысы, Чапаев ауданы «Алғабас» бөлімшесінің басқарушысы, «Алғабас» совхозы партия комитетінің хатшысы, Жаңақала ауданы «Красногор» совхозының директоры қызметтерін атқарды.
1981 жылы қызметтегі еңбегі үшін «Октябрь революциясы» орденімен марапатталды.
Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінде №П37 және №П260 қорларында Е.Ш.Орақбаевтың өмірбаяны мен қызметіне қатысты құжаттар сақталуда. Олар: батырға мінездеме, марапат қағазы, әке естелігі, бөлім командирінің хаты, әртүрлі жылдардағы өмірбаяны, жеке парақшасы, диплом көшірмесі, хаттамадан үзінділер, партиялық-өндірістік мінездемелер.
 
 

«Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамытужәне архив ісі басқармасының «Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

РК, Западно-Казахстанская область, город Уральск,
ул. Касым Аманжолова, 85

Телефон: 8 (7112) 50-43-19

Email: Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.

Разработка и сопровождение сайта Helena Burbel