• Жаңалықтар
  • «Орал губерниясындағы ашаршылық ақиқаты»

«Орал губерниясындағы ашаршылық ақиқаты»

 Тәуелсіздік тізгінін өз қолымызға алып, егемен ел болғалы, тарихымызды жан-жақты зерттеп, белгісіз тұстарын ашу мүмкіндігі пайда болды. Кеңес үкіметі кезінде зерттеп, жариялауға мүмкіндігі болмай, архив қорларында «шаң басып» жатқан құжаттарды көпшілікке таныстыруға енді бет бұрып жатырмыз.

Жаңа заман тарихына көз жүгіртетін болсақ, ХХ ғасырдың бірінші жартысы халқымыздың демографиясына аса ауыр зардап тигізді. Оның басты себебі екі алапат ашаршылық. Олардың ең алғашқысы 1921-1922 жылдары болған ашаршылық.

Аталған тақырыпты зерттеп келген тарихшылар ашаршылықтың бірнеше себебін келтіреді. Олардың ең басты себептері: азамат соғысы, 1921 жылдың шілде-тамыз айларындағы қатты құрғақшылық, адамдардың мал және егін шаруашылығы жерлерінен айырылуы.

Аштыққа қатты ұшыраған губерниялардың арасында Орал мен Бөкей губерниялары да болды. Орал, Бөкей губернияларында себілген астық қатты құрғақшылықтан шықпай қалды, шыққандары жазғы ыстықта қурап калды. Мал өсірумен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жайылымдар мен шабындықтар толықтай күйіп кетті. Сонымен қатар жергілікті өлкеден Самара мен Саратов секілді губернияларға миллиондаған пұт астық жөнелтілді. 1921 жылғы тамыз айынан бастап Орал және Бөкей губерниялары аштықтан зардап шеккен аймақтардың тізіміне ресми түрде енгізілді.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінде 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа қатысты көптеген құжаттар сақталуда. Сондай құжаттардың бірінде «Кирроста» Орынбор Қырғыз өлкелік бөлімі корреспондентінің Орал губерниясында орын алған ашаршылық туралы «Ужасы голода в Уральской губернии» атты мақаласы жарияланған. Ол мақалада: Орал губерниясында құстардың, жәндіктердің, ит пен мысықтардың, тіпті, адамдардың бірін-бірі жеу фактілері орын алғандығы айтылған. Мысалы: Орал губерниясы Елек уезді Ташла болысы Иртек ауылындағы бір тұрғынның үйінен жас баланың мүрдесі табылған: ыдыста жас баланың жүрегі, өкпесі, бауыры, сонымен қатар, қазанда жас баланың еті пісіріліп жатқаны баяндалады.  Сонымен қатар, Илек уезінде адам жеу фактісін тексеру жөнінде  коммисия құрылған. Комиссияның тексеру жұмысы барысында, Грязно-Иртекск ауылында аштыққа ұшыраған халық барлық тірі мысық, ит, мал басын жеп бітіріп, өздері өлудің аз ақ алдында жүргендігі және оларға 2-3 аптадан кейін көмек көрсетілмесе, жергілікті халықтың барлығы қырылатындығы, аштыққа ұшырағандар тіпті, адам кейпінен айырылып, көлеңке секілді жүргендіктері туралы  хабарланады (негізі:БҚО МА, 19-қор, 1-тізім, 29-іс,42-46-бб.).

     Губстатбюро меңгерушісінің 1921 жылы 30 қарашада берген ақпаратында, 1920  жылы халық санағы жүргізіліп,  жалпы Орал губерниясында 525 600 мың адам болғандығы көрсетілген. Сонымен бірге, уезддер бойынша ашыққан адамдардың саны туралы келесідей мәлімет бар: Орал уезінде - 38 мың адам (жалпы халықтың 30 %), Елек уезінде - 90 мың адам (жалпы халықтың 70 %), Жымпиты уезінде – 33 мың адам (жалпы халықтың 35,5 %), Калмыков уезінде – 42 мың адам (жалпы халықтың 70 %), Гурьев уезінде – 24 мың адам (жалпы халықтың 20 %) (негізі:БҚО МА, 19-қор, 1-тізім, 12-іс, 2-бет).

        Сонау зұлмат жылдары, ата-анасынан айырылып, тұл жетім қалған балалардың саны өсіп кеткен болатын. Калмыковск, Жымпиты уездеріне аштыққа ұшырап, үйсіз қалған балалар саны сырттан толассыз ағылды. Балалар үйіне сырт аймақтардан күнделікті 30-50 бала қабылдауға келуі салдарынан, бұл үйлердегі адам саны 3-4 есеге толып кеткен. Мысалы, 1 балалар үйіндегі балалар саны 120-дан асып отырған. Орын жетіспеушілігі салдарынан балалар үйінде апатты жағдайлар: салқындық, ластану, паразиттердің таралуы, түрлі жұқпалы аурулардың көбеюіне алып келді. Балалар үйінде 1922 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 1500 адам есепте болған, оның 89 ауруға ұшырап, 69 қайтыс болған. Тастанды балаларды іріктеу және олардың үйсіз қалу себептерін айқындау мақсатында әлеуметтік қамқорлықтағы апа-сіңлілер мен ағалар институты құрылды. Үй-жайсыз қалған балаларға көмек көрсету мақсатында 200 адамдық орны бар 3 балалар үйі ашылды. ХХ ғасырда аштықтан губерния халқының тең жартысынан өлідей және тірідей (босып кетті) айырылды. Қаншама отбасының түтіні өшіп, ата-аналар бала-шағаларынан айырылса, қаншама бала жетімдік зардабын тартты. Бұл деректер архивтік қорлардан алынған материалдардың бір бөлігі болып табылады. (негізі:БҚО МА, 12-қор, 1-тізім, 263-іс, 31-бет).

Осындай қиын қыстау кезеңінен шығу үшін атқарушы комитет тарапынан көптеген шаралар ұйымдастырылды. Осыған орай, аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету, аштықты тоқтату және алдын алу мақсатында Орал губерниялық комиссиясы құрылды. Егістік кампаниясы барлық губернияларда екі апталық көмекті алмастырған “Красный пахарь” мен ауылшаруашылығына қатысты конференциялар  ұйымдастырған. “Красный пахарь” кезінде  “Үгітші және насихаттаушы” атты парақшалар мен арнайы анықтамалықтар жасалған. Медициналық-санитарлық секциясының ұйымдастыруымен санитарлық-тазалау шаралары өткізілген.  

Архив қорында сақталған Губерниялық саяси ағарту бөлімінің үндеу хатында Орталықтың Орынбор, Ақтөбе және Орал губернияларына 1 миллион пұт көлемінде дән-дақылдарындың жіберілгендігі айтылған. Сонымен қатар осы құжатта Украинаның Орал губерниясына тұрақты негізде көмек көрсету қажеттілігі жөнінде және 23 вагон азық-түлік жөнелтілгендігі көрсетілген (негізі: БҚО МА, 12-қор, 1-тізім, 151-іс, 2-бет).

 

1921 жылдың 25 тамызы мен 31 желтоқсан аралығындағы аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету жұмыстары туралы Орал губерниялық комиссиясының есебі мен баяндамасында келесідей көмек көрсетілгендігі туралы айтылған: Орал қаласында 4450 адамға арналған өткізу парағы бар 5 асхана ашылды; аштыққа ұшырағандар қорына түсетін губерния ішінде салық жинау жұмысы ұйымдастырылды (негізі:БҚО МА, 19-қор, 1-тізім, 2-іс, 9-бет);

 Кеңестік биліктің қатаң бақылау саясатына қарамастан, еліміздің кейбір тарихшылары мен жазушылары тарихтың ащы шындығын болашаққа жеткізуге тырысып келді. Алайда, бұл тақырыптың  әлі де ашылмай қалған тұстары көп. Сол үшін біз зерттеушілер мен тарихшыларды құпиясы мен сырын ішіне бүгіп жатырған аштықтың ақиқатын зерттеп халыққа жариялауға шақырамыз.

       Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздің тарихқа жіті көзбен қарап, өткенді ұмытпауымыз осындай нəубеттердің қайталанбауы үшін қажет. Халықтың қасіретті сəттері əрдайым елдің жадында болуы тиіс. Бұл ретте тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған ашаршылық ешқашан ұмытылмақ емес» деген болатын. Сондықтан да мұндай қасіретті Ұлы жұттың елімізде және дүние жүзінде қайталанбауын қалаймыз.

«Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамытужәне архив ісі басқармасының «Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

РК, Западно-Казахстанская область, город Уральск,
ул. Касым Аманжолова, 85

Телефон: 8 (7112) 50-43-19

Email: Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.

Разработка и сопровождение сайта Helena Burbel