• Жаңалықтар
  • Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік архивінде «Ашық есік» күні өтті.

Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік архивінде «Ашық есік» күні өтті.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айының жиырма бірінші жұлдызында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министірлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің ұйымдастыруымен «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы бойынша Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінде мектеп оқушыларына ашық есік күні өтті. Шараға Дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушылары мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Орал қаласындағы «физика математикалық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі» филиалының оқушылары және М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің тарих мамандығында оқып жатырған студенттер келіп қатысты.

Аталмыш шараның басты мақсаты, президентіміздің 2022 жылғы 19 қаңтардағы №780 «Балалар жылын жариялау туралы» Жарлығын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 20 наурыздағы № 148 «Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысын іске асыру шеңберіне сәйкес архив құжаттарын пайдалана отырып жас ұрпақтың санасында тарихқа деген сүйіспеншілікті арттыру, өскелең ұрпақты өлке тарихымен таныстыру. Мектеп оқушыларына архив құжаттарын насихаттау. Болашақ ғалымдар ретінде ғылыми зерттеу жұмыстарына оқушыларды тарту. Архив саласының қоғамға қажеттігін, оның қоғамдағы рөлінің қандай екенін көрсету.

Шараның ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Дүйсенов Сайран Темірғалиұлы кіріспе сөз сөйледі. Шара барысында оқушыларға архив қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін, сыртынан қарасаң мүлгіген тыныштық көрінгенімен ішінде қызу жұмыс екенін бірі білсе бірі білмейді. Осы архивтің жұмысын оқушылар өз көздерімен көрді. Оқушылар архивтің қоймасына экскурсия жасады. Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің қоймасында 700 мыңға жуық құжат сақталғанын естігенде оқушылар мен студенттер таңданыс білдірді. Сонымен қатар оқушылар архив қызметкерлері жасаған көрмені тамашалады. Оқушыларға архив қызметкерлері Орал қаласының даму тарихы туралы, 1921-1922 жылдары қазаққа келген ұлы нәубет, қолдан жасалған ашаршылықтың кезеңіндегі құжаттарды көрмеге қойып оқушылармен таныстырды. Бұдан соң Орал қаласындағы байырғы ғимараттардың әр бірінің тарихын баяндады. Ескі ғимараттың сыланған әдемі бейнесін көргенімізбен осынша тарихқа толы екенін аңғармайтынымыз хақ. Атадан қалған асыл мұра, құнды жәдігерлерді көздерінің қара шығындай сақтап қалудың өзі ерлік. Көрмедегі көне суреттерді көрген оқушылардың таңданғанын әр жәдігерге терең үңілген жүздерінен жазбай тануға болады. Ал бұл суреттердің әр бірі үлкен тарих екенін естігенде студенттер мен оқушылар құлақтарының құрышы қанып тыңдады.

Қаланың ескі бейнесін тамашалап болған соң, Мағжан Жұмабаев « Қайда екі дос, Орал боп бос, қайда олар» - деп жырлаған, жоқтаған, Алаштың арысы, Батыс Алашорданың басшылырының бірі, ғалым, дәрігер Халел Досмұхамедовтің өмір жолы мен еңбектері таныстырылды. Көрмеге Халел Досмұхамедовтің фотосуреттері мен шығармалары қойылды. Көрмеде қазақ тарихына үлкен үлес қосқан ғалым, ұрпаққа ұлылық пен ерлікті насихаттаған ұлағатты ұстаз, Берлинді бағындырған қаһарман Қалам Жұмашев атамыздың архивтегі шаң басқан құжаттарын көрмеге қойып, ол кісінің сүбелі еңбегін ұрпаққа жеткізіп, тексіздік жайлаған қоғамда тегін баба жолын дәріптеген болатын. Елі үшін жанын беруге даяр батыр бабамыз соғыстан кейін де тоқталмай елге оралғасын оқу-ағарту ісімен шұғылданды. Әлихан Бөкейханов «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» - деген болатын. Қалам Жұмашевтің атқарған істерін зер салсақ өз жүгін жетер жеріне жеткізгенін көреміз. Соғыста да командир атағын алған, ғылымда доцент атағын алған Қалам атамыз ұрпақ жадында сақталары анық. Көрмеден соң оқушыларға электронды архивпен қалай жұмыстану керек екендігі түсіндірілді. Бұл Батыс Қазақстан обылысының мемлекеттік архивінің басқа архивтерден ерекше тұсы. Қазіргі таңда - жаңа инновациялық және цифрлық технологиялардың дамыған заманы екені белгілі, архив саласы да жаңа технологиялардың озық тәжірибелерінен қалыс қалған жоқ. Атап өтетін болсақ, БҚО мемлекеттік архивінде 2018 жылдан бастап «Электрондық архив» бағдарламасы іске қосылған болатын. Аталған бағдарламаның Қазақстан архивтері арасындағы, теңдесі жоқ модулдің бірі – ол « Зерттеушінің электронды жеке кабинеті». Электронды-цифрлық қолтаңбасы бар, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы, аталмыш кабинетке тіркеліп, оқырман залының қызметін онлайн түрде ала алады. Оқушыларға архив қызметкерлері электрондық архивтен қалай құжаттарды алатыны жөнінде мастар-класс көрсетті.

Батыр бабаларының ерлігін естігенде ұрпақ бойынан өрлік пен ерлік байқалып тұрды. Оқушылар шын мәнінде архив жұмысының мұншалықты қызық болатынын білмегендерін айтып таңдай қақты. Бүгінгі шарадан оқушылар керемет әсер алып қайтты деген сенімдеміз.

IMG 7622

IMG 7641

Құжаттарды пайдалану және ғылыми анықтамалық аппарат бөлімі

«Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамытужәне архив ісі басқармасының «Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

РК, Западно-Казахстанская область, город Уральск,
ул. Касым Аманжолова, 85

Телефон: 8 (7112) 50-43-19

Email: Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.

Разработка и сопровождение сайта Helena Burbel